Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
Жаңалықтар мен мақалалар
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосу мәселесі

2019 жылдың 24-27 тамызы аралығында Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосу мәселесі бойынша ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар сарапшыларының кездесуі өтті. Кездесуге ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар Қазақстан ұлттық комитетінің мүшесі Мальцева Элина, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұрмұхамбетов Жасқайрат, «Дронт» экоорталығы ұйымдастырған қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушыларды қорғау қоғамының үйлестірушісі Пестов Марк, Үстірт МТҚ-ның ғылыми қызметкері Мухашов Ақтан қатысты. Сарапшылардың жұмыс барысы Бүкіләлемдік мұралар тізіміне ұсынылатын аумақтарда далалық кездесу түрінде өтті.
Далалық кездесу барысында табиғи нысандарды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу тәртібі мен жолдары, мақсаты мен міндеттері, сонымен қатар енгізілуге ұсынылатын аумаққа қойылатын талаптар мен Бүкіләлемдік мұра мәртебесін сақтауға қойылатын талаптар туралы мәселелер талқыланды.
Үстірт МТҚ мысалында ұсынылатын нысанды аймақтарға бөлу мәселелері, сонымен бірге қорықтың биологиялық алуантүрлілігін сақтап қалу үшін қорық аумағын кеңейту қажеттілігі туралы да айтылды.
Үстірт қорығын Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізуге қорық ұжымы үлкен қызығушылық танытып, қолдау білдіргеннен кейін Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысы Д.Т. Құсбеков және орынбасары Е.Э.Әділбаевпен келіссөздер жүргізілді. Атап айтар болсақ, Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосуда облыстық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қатысу маңыздылығы қарастырылды. Кездесу барысында облыс әкімдігі ұйымдастырушылық көмек жасап, Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосу бастамасын қолдайтынын білдірді.