Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
Жаңалықтар мен мақалалар
Қарынжарық ойпаты-Үстірт қорығының қазынасы

Соңғы кездері шетелдіктердің және отандық туристердің сұранысына ие болып келе жатқан туристік орындардың бірі-Үстірт қорығының аумағындағы Қарынжарық ойпатында орналасқан Өнере төрткүлдері.

Қарынжарық ойпаты-Каспий трансгрессиясының құмды-саздауытты, тұзды жамылғысы қалдықтарынан құралған ірі алқап. Теңіз қалдықтарының ертедегі және қазіргі заманғы өзгерістерге ұшырауы алқаптың беткі қабатының енсіздеу, ұзындығы 100 км төбелі - құмды массивтердің және сор ойыстарының түзілуіне жағдай жасады. Ойыстың көлемді аумағын Кендірлі соры алып жатыр, ең ойыс жері -52 м. Кендірлі соры – Оңтүстік Үстірт шыңдарының батыс жиегін бойлай орналасқан, Қарынжарық ойпатының негізгі бөлігі. Ұзындығы 100-110 шақырым, кей тұстарында ені 3 шақырым, енді бір аумағында 25 шақырымға дейін жетеді. Тереңдігі орташа 28 метр, ең терең жері теңіз деңгейінен 70 метр. Ежелгі теңіз табанынан қалған, тіршіліксіз тұзды сор. Шың етектері мен құм жағасындағы ащы ыза бұлақтардың суымен ылғалданып тұрады. Сордың солтүстігінде вулкандық жыныстардан түзілген Қарамая тау жоталары мен тұзды көлшік орналасқан. Оңтүстігінде Кендірлі сорына өңірдегі ең ірі су көзі – Өнере бұлағы құяды. Сор ішінде, тұзды көл ортасында Өнере төрткүлдері көрінеді.

Өнере төрткүлдері-Кендірлі сорының оңтүстік шетінде, Өнере бұлағының жайылма суының аяғында орналасқан, ерекше тұрпатты төбелер. Маңғыстауда төрткүл деп пирамида тұрпатты, жан-жағы тік беткейлі төбелерді атайды. Өнереде, сордың ортасында бұл төрткүлдердің бесеуі бар.

Өнере туристік маршрутында Өнере бұлағы бар. Ол қорықтың ең оңтүстік шекарасында орналасқан, ұзындығы 6-6,5 шақырым, арнасының кеңдігі 1-1,5 метрдей, басы сор жиегіндегі жер асты суынан басталатын кішкене өзен. Жағалауында қалың қамыс пен ши, жыңғыл араласа, ұйыса өскен. Топырағы сортаң, қабыршақтанып жатады. Аңғар жиектері тұзды – топырақтың күн сәулесімен кварцтану әсерінен болған жыныстармен көмкерілген. Бұлақ басынан басқа жерде өсімдік дүниесі жұтаң. Қарақұйрық, түлкі, қасқыр және осы маңайда Қызыл кітапқа тіркелген ерекше аң – итаю кездеседі.

«Өнере» туристік маршрутыЖаңаөзен қаласынан 130 шақырымынан басталады. Маршруттың жалпы ұзақтығы 374 км, маршрут бойында жаяу жүру қашықтығы 3-5 км. Жүру бағыты: Жаңаөзен қ.–Кұланды ауылы-Өнере кордоны–Аққұдық ауылы–Жаңаөзен қаласы. Наурыз-қазан айлары аралығында жұмыс жасайды. «Өнере» туристік маршруты бойында қорық аумағына жақын орналасқан елді мекен Қарақия ауданына қарасты  Аққұдық ауылына тоқтайды. Бұл жерде ата-бабамыздың ұлттық салт-дәстүрлері жақсы сақталған. Мұнда қазақтың киіз үйі, ұлттық киімдер, қолөнер бұйымдарын көріп, төрт түлік мал сүтінен дайындалған тағамдардан дәм татуға (шұбат, құрт, ірімшік,т.б.) болады. Ал, Аққұдық ауылынан оңтүстікке қарай 55 шақырым жерде Өнере бұлағын және Өнередегі төрткүлдерді  тамашалауға болады.

Туристік маусымда маршруттар бойынша бару үшін 5 жұмыс күн бұрын қорық әкімшілігіне телефон немесе электронды пошта арқылы төмендегі  ақпараттар хабарлануы керек:

- туристердің келу және кету күндері, топтағы адамдардың саны (топта 10 адамнан аспау керек), аты-жөні (жеке куәлік, азаматтық) көлік: маркасы, мемлекеттік нөмірі (бір экскурсияда 5 көліктен аспау керек). Туристер қажетті жабдықтарын (палатка, дүрбі, медициналық қобдиша және т.б.), азық-түлікті өздерімен бірге алып жүреді. Ескерту: пластикалық бір рет пайдалануға арналған ыдыстарды қолданбаған жөн. Қоқысты қорық аумағына тастамай, өздерімен бірге алып кету керек.

Қорықтың туристік соқпақтары бойынша бару үшін жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін қызметтердің тарифтік ақылары бекітілген.

Туристерден алынатын қызмет ақылары

·Туристік соқпақтар, тамашалау алаңдарын ұсыну 1 (бір) адамға 1 (бір) күнге  - 1500 теңге

·Мемлекеттік табиғи қорық аумағында болу 1 (бір) топқа 1 (бір) күнге:

(1 топ  10 адам)

-Экскурсия жүргізуші - 1700 теңге

-Жолсерік-инспектор - 1800 теңге     

·Көлік (УАЗ автокөлігі) қызметтерін ұсыну:  1 (бір) күнге  - 17500 теңге

 

Сонымен қатар, ЕҚТА-ға кіру үшін ҚР қолданыстағы Салық Кодексіне сәйкес105313 коды бойынша Жаңаөзен қалалық Салық комитетінің бюджетіне бір адамға бір күнге айлық есептік көрсеткіштің (әрі қарай АЕК) 0,1%  төлемі алынады. 2019 жылғы 1 АЕК  2525 теңгені құрады (АЕК көрсеткіші әр жылы әртүрлі болады), яғни қорық аумағына кіру үшінбір адамға  252,5 теңге бөлек төленеді.

Жоғарыда көрсетілген төлемдер арнайы есепшоттарға аудару арқылы жүргізіледі. Басқа да сұрақтар бойынша жұмыс күндері (дүйсенбі-жұма) ішінде қорық әкімшілігіне хабарласуға болады.                                  

Мекен-жайымыз: Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, Теміржол бекеті.

Тел. факс: 8(72934) 76833, 46006

e-mail: Ystyurt-OOPT@mail.ru

www.ustirt.kz

facebook: Ystirt-korygy@mail.ru

instagram: Ustirt_kz

 

 

Э.Бекмағамбетова

Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы