Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
Жаңалықтар мен мақалалар
Үстірт арқары – Маңғыстау эндемигі

Қазақ СССР Министрлер Кеңесінің 12.07.1984 жылғы №294 қаулысымен ұйымдастырылған Үстірт мемлекеттік табиғи қорығына биыл 35 жыл толып отыр.

         Үстірт қорығының негізгі мақсаты - шөл және шөлейт аймақтардың биоалуантүрлілігін сақтап қалу.

         Бүгінгі таңда қорықта сүтқоректілердің - 32, бауырымен жорғалаушылардың - 15, қосмекенділердің - 1, құстардың - 166, ал жоғары сатыдағы өсімдіктердің – 403 түрі анықталып, қорғау, экологиялық ағарту және ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

         Ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жататын - Үстірт қорығы Қазақстандағы 10 қорықтың бірі, ал Батыс облыстардағы - жалғыз қорық. Қарақия ауданының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, жалпы аумағы 223342 гектар. Климаты - құрлықтық, жазы өте ыстық, қысы суық. Жаңаөзен қаласынан 150-200 шақырым қашықтықта орналасқан, қорық аумағына баратын жөнді жол жоқ және Көкесем құдығынан басқа жерлеріне суды тасымалдау арқылы жеткізіледі.

Аталған қиыншылықтарға қарамастан қорық қызметкерлері жыл бойы аумақты қорғау, экологиялық ағарту және ғылыми зерттеу жұмыстарын абыроймен атқарып келеді.

Үстірт қорығының ұйымдастырылуына негізгі себепші болған – оңтүстік-батыс Үстірттің эндемигі – Үстірт арқарының Маңғыстау жерінде жойылып кету қаупі еді.

Үстірт арқары немесе уриалы деп аталатын бұл түр, Қазақстанда тек Маңғыстау облысында, оңтүстік-батыс Үстірттің шатқалдары мен шыңдарында мекендейді.

Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары Маңғыстау облысында мұнай-газ өндірісінің қарқынды дамуы, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген арқардың бас санының азаюының, негізгі себептерінің бірі. 2010 жылы шыққан Қазақстанның Қызыл кітабында жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2007 жылы Үстірт арқары 1000 бас болған.

2012 жылы ұйымдастырылған, жергілікті маңыздағы  «Қызылсай» өңірлік табиғи паркі ашылғанға дейін, арқарды сақтап қалған Үстірт қорығы деп айтсақ қате болмас. 2019 жылдың қазан айының 15-27 аралығында Маңғыстау облысы аумағында арқар мен қарақұйрыққа жүргізілген әуе санағының мәліметтеріне сәйкес Үстірт арқары  2000 астам болған. Яғни облыс аумағында арқардың өткен жылдармен салыстырғанда бас санының артқаны және олардың бұрынғы мекендейтін жерлеріне (ареалына) оралғаны байқалады.

Қорытындылай келе, Үстірт қорығы сонау құлдырау жылдарында арқарды аман-есен сақтап қалғанындай, бүгінде арқардың Маңғыстау жерінде жойылып кетуінен сақтайтын, негізгі ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып қала бермек.


Ж.Устадов

«Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы»РММ

Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы