Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесі
Жалпы мәліметтер
Жалпы мәліметтер

Жалпы мәліметтер: Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы (ҮМТҚ) 1984 жылы 12 шілдеде Қазақ КСР-нің Министрлер Кеңесінің № 294 Қаулысымен ұйымдастырылған. Қорық республикалық маңызға ие жоғарғы санатты ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қатарындағы, өңірлік ғылыми-зерттеу мекеме дәрежелі мемлекеттік табиғи қорық..  Қорықтың құрылу мақсаты – Қазақстанның Оңтүстік-Батысындағы шөлдік аймақтың табиғи кешендерін табиғи күйінде сақтап қалу.

Қорықтың негізгі міндеттері:

  • қорғалатын табиғи кешендердің табиғи күйінде сақталуын қолдау мен биологиялық алуантүрлілікті сақтау;
  • Табиғат жылнамасын жүргізу арқылы экологиялық мониторинг жүргізу, ғылыми зерттеулер жүргізу;
  • Жергілікті халыққа экологиялық ағарту жұмыстары арқылы табиғат қорғауды  насихаттау


Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы Арал-Каспий суайрығының аумағындағы Үстірт жонының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Оның аумағы ендік бағытта ең жалпақ бөлігі 43 км-ге (шығыс бойлығы 54˚ 09' бастап, 54˚ 55' дейін), меридиандық бағытта – 95 км-ге (1942 ж. координаталар жүйесі бойынша солтүстік ендігі 42˚ 34' - 43˚ 23') созылған.  Қорықтың жалпы ауданы 223 342 га құрайды. Ол Үстірттің Батыс шыңдарының оңтүстік бөлігін (солтүстік-батыста Мәмекқазған құдығынан бастап, оңтүстікте Қызылсай алқабына дейін), оған жалғасып жатқан Үстірт жонының жіңішке шыңды жолағын, Қарынжарық – Кендірлі-сор ойпатының шығыс бөлігі мен Карынжарық құмды алқабының фрагменттерін, сонымен қатар, Қарамая тауын қамтиды. Қорықтың ең биік нүктесі Көкесем құдығы ауданындағы Үстірттің Батыс жонында (теңіз деңгейінен +340 м биіктікте), ең төменгі нүктесі Кендірлі сордың солтүстік бөлігінде (-52 м) орналасқан.

Жер бедері мен топырақтың әртүрлілігінен қорықтың флорасы мен фаунасы алуан түрлі болып келеді: қазіргі уақытта оның аумағында жоғарғы тамырлы өсімдіктердің 403 түрі, сүтқоректілердің 33, құстардың 166, бауырымен жорғалаушылардың 15, қосмекенділерден 1 түр тіркелген.

Соның ішінде ҚР Қызыл кітабына: өсімдіктерден-майда қатыран, берік сүттіген, хиуа сораңы, кәдімгі жұмсақ жеміс, бор рияңы, құстардан – кішкене аққұтан, жалбағай, қарабай, қоқиқаз, жыланжегіш қыран, дала қыраны, қарақұс, бүркіт, сақалтай, жұртшы, ителгі, лашын, тазтырна, жекдуадақ, қарабас өгіз шағала, қарабауыр бұлдырық, ақбауыр бұлдырық,  қылқұйрық бұлдырық, үкі; бауырымен жорғалаушылардан: Палассов қарашұбар жыланы; сүтқоректілерден: арқар, қарақұйрық, қарақұлақ, итаю, сабаншы, шұбар күзен, шағыл мысығы, ақбауыр жарқанат енген.