Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
Үстірт арқары
Үстірт арқары

Үстіртте жұп тұяқтылар отрядының өкілі – үстірт арқары (ovis vigney arcal Eversmann) мекендейді. Бұл ұзын аяқты сымбатты дала жабайы қойы. Дене тұрқы 120 – 150 см, шоқтығының биіктігі 77 – 98 см, қошқарының салмағы 53 – 80 кг, саулығының салмағы 36 – 46 кг. Қошқарының мүйізі онша үлкен емес, алға иіліп және ішкі қарай бұрылып тұрады. Мүйізінің түпкі жағының құлашы 21 – 30 см. Саулығының мүйізі қысқа және имек сияқты иілген. Қошқарының мойының төменгі жағында ұзын қылдардан тұратын сақалы бар, ол басына дейін барып, жал сияқты болып келеді. Иек жағында ол ақ, төске жақындағанда қара қоңыр болып келеді.

Арқар шың арасынан үстірт жазығына шығып жайылады, себебі шың жазықтығы негізгі жайылым болып табылады, әсіресе көктем, жаз және күз мезгілінде. Шыңдардың биік жерлерінің  бір ерекшелігі -  микроклиматтың биіктік айырмашылығы. Үстіртте шығыс және солтүстік – шығыстан болатын желдер шың баурайында азайып, төменгі жағында басылады. Шың астында үстіртке қарағанда температурасы 100С жоғары. Шың құлама жарлары, баурайлары, террасалары арқардың демалатын, көбейетін және жауларынан қорғанатын жерлері болып табылады. Арқар шың астына жиі түсіп тұрады. Олар сол жерде жайылады, әсіресе қыс мезгілінде. Шыңдар астында жер суынан құрылған минералданған бұлақтар көп. Ол бұлақтар арқардың және басқа жануарлардың су ішетін жері болып табылады. Су ішетін жерлеріне арқар жаздың екінші бөлімінен бастап тұрақты қар жауғанша қатынайды. Қыста су қажеттілігін азыкпен бірге жеген қармен толтырады. Көктемде және жаздың бірінше бөлімінде су қажеттілігін шырынды шөптермен толтырады, әсіресе сораңдардың жапырақтары мен сабақтары жаздың екінші бөліміне дейін шырынды болады.

Арқар 2,5 жаста жыныстық жағынан жетіледі. 2,5 жастағы қошқарларды шағылысу кезінде жасы үлкен ірі қошқарлар қуып шығады, ал 2,5 жастағы саулықтары  көбейюге барлығы қатысады. Муфлонның шағылысу кезі қазан айының ортасынан бастап желтоқсанның 1 ондығына дейін созылады (7 апта). Жаппай шағылыс қараша айында болады. Осы уақытқа дейін жалғыз және топтанып жүрген қошқарлар саулықтармен қосылып үйір жасайды. 10 – 20 жануардан тұратын топтар жиі кездеседі. Күзгі үйірден шағылысу біткен соң қошқарлары бөлектеніп кетеді. Төлдеудің алдында саулықтары жалғыздан бөлектеніп шыңның орта жағына, ешкім бара алмайтын және көрінбейтін жерлерге барып төлдейді. Төлдеу кезі наурыздың аяғы сәуір – мамыр айына дейін созылады. Саулықтары көбінесе бір, сирек 2 – 3 қозы табады.

Жазда арқардың топтары негізінен саулықтары мен биылғы қозыларынан тұрады. Кейде солар мен бірге бөлек жүрген қошқарлар да кездеседі. Ересек қошқарлар негізінен жалғыз немесе топтанып (2 – 5 бас) жүреді.

Үстірт қорығында арқар шың арасында мекендейді, яғни Мамекказған тауынан бастап Өнере бұлағына дейін. Негізгі мекендейтін ошағы – Көкесем құдығы маңайы және Кендірлі, Жаман Кендірлі аймақтары.

Үстіртте мекендейтін арқар алыс қоныс аудармайды. Жаз кезінде таңнан бастап ыстық түскенше, ыстық қайтқаннан түнге дейін, салқын кезде күні бойы жайылады. Ыстық кезде шатқалдардың, шыңның жар қабақтарында және тастардың көлеңкелерінде дем алады. Арқар табиғи жағдайда 12 – 14 жыл тіршілік етеді. Арқар тауларда тіршілік етуге бейім, аязға өте төзімді.

Үстірт арқарының саны мен таралу аймағы шектелген, Үстірт пен Маңғыстаудың таулары мен қырларында тараған, Қазақстан Қызыл кітабына енгізілген (3 дәреже, сирек кездесетін түр).

XX ғасырдың 60-шы жылдардың басында арқардың саны 7-10 мың басқа жеткен болатын, бірақ 70-шы жылдардың аяғына қарай Үстірт пен Маңғышлақтың кәсіптік игеруіне байланысты 2-3 есе азайып кеткен.

Үстірт қорығы және екі қорықша (Ақтау – Бозащы мен Қарақия – Каракөл) құрылғаннан соң саны өсіп, 1991 жылы 5 – 5,5 мың басқа жетті.

Қазіргі уақытта соңғы санақ деректері бойынша Үстірт қорығында арқардың саны 500 бас болып тіркелді. Үстірт арқарының өсіп – өнуін күшейту мақсатында  қорық аумағын кеңейтіп, бірнеше қорықшылар ұйымдастыру керек.

 

Үстірт қорығының

аға ғылыми қызметкері

А.Пулатов