2026 жылдың 1 маусымында «Парктер шеруі – 2026» табиғатты қорғау акциясы аясында Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының экологиялық ағарту және туризм бөлімінің мамандары «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалы Маңғыстау Жаңаөзен станциясына қарасты қызметкерлер арасында «Табиғат тынысы» тақырыбында экологиялық тренинг өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – табиғатты қорғау, экожүйелердің тұтастығын сақтау және қоршаған ортаға деген жауапты қарым-қатынасты қалыптастыру. Тренинг барысында қатысушыларға Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының ерекше табиғи кешендері, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, сондай-ақ өңірдің табиғи-тарихи ерекшеліктері туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Тренинг III кезең бойынша ұйымдастырылып, қатысушылар III командаға бөлінді. Командалар әртүрлі экологиялық тапсырмалар мен танымдық ойындарға белсенді қатысып, өз білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті.
Іс-шара қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы атынан дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Мұндай іс-шаралар қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды экологиялық бастамалардың бірі болып табылады.




