«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы еліміздің барлық аймағында өткізіліп жатқан жалпыхалықтық эко-челлендж. Акцияны өткізудің басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
10.01.2024 жылы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Қарақия-Қаракөл» мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қаумалының Қаракөл көлі бөлігінде Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері мен мемлекеттік инспекторлары тазалық жұмыстарын жүргізді. Шараның өтуіне «МАЭК» ЖШС қолдау білдіріп, тазалық жұмыстарына қажетті қолғаптар мен қоқыс салатын қапшықтармен қамтамасыз етті. Көлдің жағалауы тұрмыстық қалдықтардан, түрлі қоқыстардан тазартылды.
Қаракөл көлі - қорғау қызметі Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының қорғауына берілген ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Қаракөл көлі – республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқап, негізгі орнитологиялық аймақ болып табылады. Күзгі – көктемгі маусым кезінде көл арқылы көптеген аққулар, қоқиқаздар, бірқазандар, үйректер, аққұйрықты субүркіт, және т.б. құстар ұшып өтеді.
Э.Бекмагамбетова
Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы

