ҚАРАҚҰЙРЫҚ (gazella subgutturosa), тұлғасы сымбатты, дене тұрқы 101-126 см, шоқтығының биіктігі 67-79 см. Текесінің салмағы 22 кг, ешкісінікі – 20-34 кг. Текелерінің мүйізі түп жағы бедерлі, ұшы бір-біріне қарай аздап иілген, қара қоңыр түсті, ұзындығы 33-43 см болады, ешкілері – тоқал.
Құйрығы кішкентай, қара қоңыр түсті. Тұяқтары кішкентай, қара түсті, сопақша әрі үшкір келеді. Тері жамылғысы құм түстес, сарғыш-сұр. Көз алды, шат, тұяқаралық иіс бездері, көру және есту мүшелері жақсы жетілген, осылар арқылы бір-бірімен тез табысады. Тастақты, құмды, сазды топырақты аймақтарда мекендеуге бейімделген. Қоныстарын жыл маусымдарына қарай, қыста сексеуіл, жынғыл өскен бұйрат-бұйрат құмдарға, жазда шөлді жерлерге қарай қоныс ауыстырып отырады. Қүйіс қайырып, демалу және ауа-райының қолайсыз жағдайларынан қорғану үшін тұяқпен тарпын қазуға оңай топырақты жерлерден шағын (60х30) жатақтар жасайды. Қорегі 70-тен аса шөптесін өсімдіктер мен бұталар. Ылғалы мол жас шөптермен қоректеніп, қар мен жаңбырдан жиналған қақтардан су ішіп шөлін қондырса, қыста қар жалайды. Жаз айларында қарақұйрық таңертен және түс қайта жайылуға шығып, түсте жатса, қыста жайылуы мен күйіс қайыруы алма-кезек ауысып отырады. Қазанның аяғынан желтоқсанның ортасына дейін күйлейді. 5-5,5 ай буаз болып, сәуірдің аяғынан маусымның аяғына дейін (жаппай төлдеу мамырдың екінші жартысында) лақтайды. Көбіне 1-2 (егізі басым), кейде 3-4 лақ (өте сирек) табады. Жаңа туған лақтың салмағы 2-3 кг, дене тұрқы 48-58 см. 5-10 күнде шөп тістеп, 3 айдан аса енесін емеді. Жас төлдер тез өседі: алғашқы 10 күнде салмағы 4,5 кг, бір айда 9 кг, алты айда – 15 кг, бір жаста – 20 кг асады. Шыбыштары 7-8 айда, серкештері 1,5 жаста жыныстық жағынан жетіледі.