Кәдімгі жұмсақ жеміс. (Malacocarpus crithmifolius) Шектеулі территорияда кездесетін, өсу ортасы өзгергенде жойылып кетуі ықтимал сирек түр. Монотипті туыс өкілі, реликт. Азықтық, декоративті өсімдік. Биіктігі 1,5 м, бұтақтары жайылған жазық жасыл өсімдік. Жапырақтары жалаңаш бұрыс екіқайтара ланцетті-таспалы бөліктерге тілімделген, кезектесіп орналасады. Гүлдері қосжынысты, жалқы, гүлсағағының ұзындығы 2 см-ге жетеді, жапырақтарына қарама-қарсы орналасады, тостағаншасы 5 салалы. Күлтелері лимон-сары, бір гүлде 5 тен. Жемісі – шырынды, 3 ұялы жидек, қызыл. Жапырақтары сәуір айында өсе бастаса, мамыр-маусымда қарқыны күшейеді.
Сәуір-маусымда гүлдеп, шілде-қыркүйекте жемісі піседі. Тамыз-қазанда тұқым шашады. Генеративті кезеңі 2 жыл өткен соң басталады. Тамырдан жаңарып, сұлатпа бұтақтарымен бекініп, тұқым арқылы да көбейеді. Маңғыстаудағы және Үстірт қорығындағы шыңдардың тік жарларында, таулы шатқалдардың қиыршықтасты беткейлерінде, жартастардың сызаттарында (мергельдер мен әктастар), жазықтық шөлдер мен адырларда да кездеседі. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.