Қоқиқаз (Phoenicopterus roseus)
Қоқиқазтәрізділер отряды
Қоқиқаздар тұқымдасы
Орталық Америка, Африка және Евразияның оңтүстігі. Қазақстанда бар – жоғы ұш жерде ұяялайды. Ақмола облысындағы Теңіз көлінде, Шалқар – Теңіз көлі (Торғай ойысы) және Каспий теңізінің солтүстік – шығыс жағалауы, мұнда 1950 жылдардың аяғына дейін ұялаған және 1970 жылдардың аяғында қайта пайда болған.
Мекендейтін жерлері. Жағалауы батпақ адам аяғы қиын басатын жайдақ аралдары бар таяз тұзды су қоймалары. Ұялайтын шоғырларының орны су деңгейінің ауытқуы және оның тұздылығының өзгеруіне байланысты.
Биологиялық ерекшеліктері. Ұялайтын жерлеріне наурыздың аяғында – сәуірдің басында келеді, қыркүйек – қазанда ұшып кетеді. Популяцияның 50% көбеюге қатыспайды. Ірі шоғыр құрып 100 жұптан 18 мың жұпқа дейін жиналып ұялайды. Ұясы топырақтан кесілген конус пішінді, бірақ 1959 және 1977 жылдары Теңіз көлінде құстар жұмыртқаларын бірден құмға салған. Ұяда 1-3 жұмыртқа болады. Көбею кезеңі – сәуірдің аяғынан (жұмыртқа туу) қазанға дейін соңғы балапанның қанатына қонуы. Инкубация 30-33 күнге созылады. Негізгі қорегі – майда шаянтәрізділер және молюскалар, қосқанаттылардың дернәсілдері, су өсімдіктерінің тұқымдары.