Үстіртте жұп тұяқтылар отрядының өкілі – үстірт арқары (ovis vigney arcal) мекендейді. Бұл ұзын аяқты сымбатты дала жабайы қойы. Дене тұрқы 120-150 см, шоқтығының биіктігі 77-98 см, қошқарының салмағы 53-80 кг, саулығының салмағы 36-46 кг. Қошқарының мүйізі онша үлкен емес, алға иіліп және ішкі қарай бұрылып тұрады.
Мүйізінің түпкі жағының құлашы 21-30 см. Саулығының мүйізі қысқа және имек сияқты иілген. Қошқарының мойының төменгі жағында ұзын қылдардан тұратын сақалы бар, ол басына дейін барып, жал сияқты болып келеді. Иек жағында ол ақ, төске жақындағанда қара қоңыр болып келеді.
Арқар 2,5 жаста жыныстық жағынан жетіледі. 2,5 жастағы қошқарларды шағылысу кезінде жасы үлкен ірі қошқарлар қуып шығады, ал 2,5 жастағы саулықтары көбейюге барлығы қатысады. Муфлонның шағылысу кезі қазан айының ортасынан бастап желтоқсанның 1 ондығына дейін созылады (7 апта). Жаппай шағылыс қараша айында болады. Осы уақытқа дейін жалғыз және топтанып жүрген қошқарлар саулықтармен қосылып үйір жасайды. 10-20 жануардан тұратын топтар жиі кездеседі. Күзгі үйірден шағылысу біткен соң қошқарлары бөлектеніп кетеді. Төлдеудің алдында саулықтары жалғыздан бөлектеніп шыңның орта жағына, ешкім бара алмайтын және көрінбейтін жерлерге барып төлдейді. Төлдеу кезі наурыздың аяғы сәуір – мамыр айына дейін созылады. Саулықтары көбінесе бір, сирек 2-3 қозы табады.
Жазда арқардың топтары негізінен саулықтары мен биылғы қозыларынан тұрады. Кейде солар мен бірге бөлек жүрген қошқарлар да кездеседі. Ересек қошқарлар негізінен жалғыз немесе топтанып (2-5 бас) жүреді.
Үстіртте мекендейтін арқар алыс қоныс аудармайды. Жаз кезінде таңнан бастап ыстық түскенше, ыстық қайтқаннан түнге дейін, салқын кезде күні бойы жайылады. Ыстық кезде шатқалдардың, шыңның жар қабақтарында және тастардың көлеңкелерінде дем алады. Арқар табиғи жағдайда 12-14 жыл тіршілік етеді. Арқар тауларда тіршілік етуге бейім, аязға өте төзімді.