Жұртшы – сұңқартәрізділер отрядының қаршыға тұқымдасына жататын жыртқыш құс. Қазақстанда Тянь-Шань тауының сілемдерін, Үстірт пен Маңғыстаудың құлама жарларын мекендейді. Үстірт қорығы аумағында, Қадірберді, Мәмекқазған, Көкесем, Өнере жерлерінде кездестіруге болады. Дене тұрқы 58-66 см, қанатының ұзындығы жайғанда 1,6-1,7 м, салмағы 2,1-2,4 кг. Тұмсығы ұзын әрі жіңішке болады. Ересектері сұрғылт түсті, қанаттарының шетінде қара жолақтары бар, басы мен жемсауы қауырсынсыз тықыр. Сәуірдің аяғында ұябасары 1-3 жұмыртқа салып, 40-42 күн басады, балапандары 2 айдан соң ұядан ұшады. Жұртшы өте сирек кездесетін құс.





