Маңғыстау обылысында бірнеше ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Солардың бірі-Қарақия-Қаракөл мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қаумалы. Қаумал екі бөліктен, Қарақия ойпаты мен Қаракөл көлі аумағынан тұрады. Қаракөл көлі Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының жылу орталықтарының коллекторларын салқындату үшін қолданылып төгілген судан жиналған су айдыны. Қазақстанның сулы-батпақты аймақтарының тізіміне енген орнитологиялық аумақ болып қалыптасты. Мұнда су құстарының әлденеше түрі кездеседі, соның ішінде аққулар, үйрек тұқымдастардың бірнеше түрі және Қызыл Кітапқа енген қоқиқаз ұшып өту кезеңінде демалып өтеді. Көлдің қорғау жұмыстары Үстірт қорығына бекітілген. Инспекторлар он күндік ауысыммен күні-түні күзетеді. Құстардың ұшып өту кезеңінде оны қызықтаушылар саны да көбейеді. Өздерін «табиғат жанашырлары» деп атайтын топтар қаумалдың қорғау ережесіне бағынбай, инспекторлардың заңды талаптарын теріс көрсетіп, жұмыстарын жоққа шығарып, елге жеккөрінішті көрсетуде. Қаумал инспекторлары «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы», «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңдарының негізінде жазылып бекітілген қаумалдың паспортында көрсетілген талаптар бойынша қызмет атқарады, басқалардан да сол талаптардың сақталуын талап етеді. Заңды талаптарды сақтағысы келмейтін, оны бұзуға құмар «табиғат жанашырлары» өздерін жәбірленуші етіп көрсетуге құмар. Табиғат қорғаушылардың негізгі міндеті-қаумал аумағында табиғи тыныштықтың сақталуын қадағалау, өрт қаупінің алдын алу және қаскерлікке қарсы ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу. Заң талаптарын өрескел бұзушы «табиғат жанашарлары»-блогерлердің мақсаты-арзан бедел жинау, көпшіліктің назарын мемлекеттік мекемелердің ісіне, демек мемлекетке қарсы қою болып жүр демеске болмай тұр. Көпшілік блогерлердің әдемі түсірген бейнелері мен роликтерінің заң талаптарын бұза отырып түсірілгенінен хабарсыз. Сондықтан көпшілік Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жан-жануарлар мен құстардың табиғи тіршілігіне араласуға, тыныштығын бұзуға болмайтындығын біліп жүруі керек.

