Қарақұйрық (Gazella subgutturosa)
Жұптұяқтылар отряды
Қуысмүйізділер тұқымдасы
Алғаш рет A.I.Guldenstaedt қарақұрықты табылған жерінде, яғни С олтүстік – Батыс Персияда, сипаттаған. Джейран – персиялық атауы; грузиндерде – «джейрани»; туркмендерде – «жерен» немесе «дүз киігі»; қырғыз, өзбек және қазақтарда – қарақұйрық; сонымен қатар Орта Азияның көп елдерінде және Қазақстанда «киік» деп атаған.
Негізгі мекендері – секесеуіл, жүзгүн, жыңғыл өскен құмды, тасты және сазды шөлдер мен тау етектері. Сол қоныстардағы бұйырғын, теріскен, жүзгүн өскен жайылымдарды жиі мекендейді. Мекендеріне қойылатын негізгі талап – су көзінің болуы, қыста қардың аз түсуі және мекендердің жақсы қорғануға мүмкіндігінің мол болуы.
Ақбөкенге қарағанда, үлкен топты аз құрады, әдетте топтарында он шақты ғана қарақұйрық болады. Көбіне жалғыздан, ал аналықтары жазда өз ұрпақтарымен жүреді. Аталықтары жыныстық жағынан 17-18 айда, ал ұрғашылары 7-8 айда жетіледі. Ауа райына байланысты күйлеуі қараша – желтоқсан айларында өтеді. Лақтарын тууы сәуірдің аяғынан шілденің басына дейін созылады. Негізгі азықтары – әртүрлі шөптер мен бұталар. Маусым сайын азықтары өзгеріп отырады. Өсімдіктердің 70-тей түрімен қоректенеді. Негізгі жаулары – қасқырлар мен малшы иттері. Лақтарына түлкі мен ірі жыртқыш құстар шабуыл жасайды.