Атаулы күнді бекітудің мақсаты – қоршаған ортаның проблемаларына әлемнің назарын аударту және адамдардың табиғатқа деген жауапкершілігі мен жанашырлығын ояту. Бұл күні табиғатты қорғауға бағытталған шаралар ұйымдастырылады. Сондай шаралардың бірі – Үстірт қорығының «Парктер шеруі - 2023» табиғатты қорғау акциясы аясында «Қарақия-Қаракөл» мемлекеттік табиғи қаумалының Қаракөл көлі аумағында ұйымдастырылған тазалық жұмыстары. Бұл шараға қорықтың қорғау бөлімінің инспекторлары, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің мамандары,
ғылым бөлімінің мамандары, «Эколидер» мектептік клубы және «Қаракөл сақшылары» еріктілер отряды мүшелері, Ақтау қ. ХББ НЗМ экология бойынша координаторы, ҚБСА және «EcoJer» Аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі Бақытгүл Жақсылықова, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясы кеңес төрағасы, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің және «EcoJer» Аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі Ә. Қозыбақов, техникалық қолдау көрсеткен «МАЭК» ЖШС қатысты. Тазарту жұмыстарына қатысушылар аумақтағы қоқыстарды жинап, арнайы техника көлігімен жиналған тұрмыстық қалдықтар қоқыс полигондарына жеткізді.
Тазалық жұмыстарынан соң акцияға қатысушылар үшін экосенбілікпен (қалдықтарды сұрыптап отырып санитарлық тазарту) бірге құстарды санау және жүйелі мониторингілеу, «Ақбөкен және оның тіршілік ортасы» экологиялық викторинасы және таза ауада белсенді ойындар ұйымдастырылды. Сонымен қатар PASCO сымсыз цифрлік зертханасының көмегімен судың, топырақтың және ауаның негізгі параметрлеріне сараптама жасалды.